Шығысқазақстандық 57 дәрігер шетелде тәжірибе жинап жүр

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы 57 дәрігер тәжірибе алмасу үшін Германия, Израиль, Литва және Ресейге жіберілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО әкімі Даниал Ахметов медицина саласына қатысты жиында Өскеменде бой көтеретін гематология орталығына сапалы кадрлар даярлау мәселесін көтерді.

«Бірнеше дәрігер оқу курсынан өтіп үлгерді. Екінші топ қазіргі уақытта өз біліктілігін арттырып жатыр. Мамыр айында тағы 20 маман Ресейдегі балалар гематологиясына мамандандырылған Алмазов пен Рогачевтің ғылыми-зерттеу орталықтарына барады. Біз жұмысқа жаңадан келгендерді емес, осы бағытта тәжірибесі бар дәрігерлерді жіберудеміз», - дейді аймақ басшысы.

Оның айтуынша, осының нәтижесінде орталық ашылған кезде заманауи медициналық техникамен жабдықталып қана қоймай, барлық дәрігерлер жаңа технологиялармен жұмыс істеуге дайын болады.

«Сонымен қатар Өскемендегі №4 қалалық ауруханасының базасында орта медициналық персоналға арналған симуляция жабдығы бар мектеп ашылады. Қабылданған оқыту бағдарламасы аясында қазір жалпы саны 57 дәрігер Германия, Израиль, Литва және Ресейдің үздік клиникаларында тәжірибе жинақтауда. Олар акушерлік, хирургия, онкология және травматология салалары бойынша кәсіби деңгейін арттырып жүр», - дейді Даниал Ахметов.

Соңғы жаңалықтар