Шығыс Явада Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Индонезияның Сурабая қаласында Қазақстанның Құрметті консулдығы салтанатты жағдайда ашылды, содан кейін қазақстандық-индонезиялық бизнес-форум өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Қазақстанның Құрметті консулы болып Сурабая қаласының Сауда-өнеркәсіп палатасы төрағасының орынбасары, ақпараттық технологиялар, тамақ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы салаларындағы бірқатар компаниялардың басшысы Абдул Ғофур тағайындалды.

Қазақстан Елшісі Данияр Сарекенов Шығыс Явада консулдық ашуға түрткі болған алғышарттар қатарында Индонезияның жалпы ішкі өнімнің 15%-ын құрайтын өлкенің жоғары экономикалық белсенділігін, Шығыс Ява кәсіпкерлерінің қазақстандық әріптестермен өзара іс-қимыл жасауға қызығушылықтарын, сондай-ақ инвестициялық, мәдени-гуманитарлық салаларда ынтымақтасу перспективаларын атап өтті. Құрметті консулдық қазақстандық және шығыс явалық іскерлік топтарды байланыстыратын буынға айналады деп күтілуде.

Шығыс Ява өлкесінің Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Адик Путранто Индонезияның Сауда-өнеркәсіп палатасы басшыларының бірін Қазақстанның құрметті консулы етіп тағайындау қазақстандық кәсіпкерлермен практикалық өзара іс-қимылды ілгерілетуде үлкен маңызға ие екенін атап өтті. Ол Құрметті консулдықтың ашылуы сауда айналымын арттыруға, инвестициялар мен туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға қосымша серпін беретініне сенім білдірді.

Сурабая қаласының Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Али Аффанди мен Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Ақеркін Ералиева қатысқан бизнес-форум шеңберінде екі қалада бизнес жүргізудің перспективті бағыттары туралы таныстырылымдар жасалды.

40 миллионнан астам халқы бар Шығыс Ява өлкесінде Индонезияның негізгі өнеркәсіптік кластері, соның ішінде тоқыма, аяқкиім, жиһаз, химия, металлургия, фармацевтика өндірістері шоғырланған. Сурабая – ірілігі жағынан Джакартадан кейінгі екінші қала, экономикалық орталық және елдің порты.



Фото:gov.kz


Соңғы жаңалықтар