Шығыс Қазақстанның қай аудандарында су басу қаупі жоғары

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының бірнеше ауданында су басу қаупі жоғары, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақпан айының басынан бері өңірде су тасқынына жоғары дайындық режимі енгізіліп отыр. Бұл туралы ШҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Ерлан Балтабаев айтып берді.

«Шығыс Қазақстанда су тасқыны болуы ықтимал 71 елді мекен бар. Оның ішінде 15-інде қауіп толығымен жойылып, 46-сында азайтылды. Қыс басталғалы жергілікті атқарушы органдар 201 мың текше метрден астам қар шығарды», - дейді ол.

Ерлан Балтабаевтың айтуынша, жыл сайын төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында су тасқынына қарсы іс-шаралар өткізіледі. 2023 жылғы су тасқыны кезеңінен ойдағыдай өту үшін бөгеттер, тоғандар мен су қоймаларының жанында орналасқан елді мекендердегі халықты хабардар ету схемалары жаңартылды. Инженер-гидротехниктер бөгеттердің, тоғандардың және су қоймаларының толу жағдайына тексеру жүргізілуде.

«Қазгидромет» РМК Шығыс Қазақстан филиалының басшысы Ләззат Болатқанның сөзінше, аймақтағы қар жамылғысының биіктігі 14-тен 95 см-ге дейінгі аралықта. Гидрологиялық жағдай тұрақты. Су деңгейі сыни белгілерден төмен. Өзендердегі мұз қалыңдығы 12-ден 75 см-ге дейін.

Сондай-ақ ТЖД қызметкерлері су тасқыны кезеңінде Алтай, Глубокое, Ұлан, Шемонаиха, Тарбағатай, Катонқарағай және Зайсан аудандарында қауіп жоғары екендігін айтты. Қазіргі уақытта құтқарушылар халыққа үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, сақтық шараларымен таныстыруда.


Соңғы жаңалықтар