Шығыс Қазақстанның 5 ауданында су тасқынына тосқауыл қойылып жатыр
2022 жылғы 22 сәуір 23:20

Шығыс Қазақстанның 5 ауданында су тасқынына тосқауыл қойылып жатыр

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы бес ауданда су тасқынына тосқауыл қою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы мақсатта 10-нан астам іс-шара жоспарланған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Су тасқынына қарсы 13 іс-шара Тарбағатай, Бесқарағай, Аягөз, Катонқарағай және Алтай аудандарында жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесінде, 471 тұрғын үйді су басудың алдын алуға мүмкіндік жасалады. Шығыс Қазақстанда 229 гидротехникалық құрылыс бар. Былтыр төтенше жағдайларды болдырмау мақсатында «Шығыс су қоймалары» МКМ 7 гидротехникалық құрылысқа қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді», - дейді облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Еламан Мұхтарханов.

Облыс әкімдігінің қаулысымен «Лайлы» су қоймасын қалпына келтіру мақсатында 38,4 млн теңге қаражат бөлінген. Қазіргі уақытта жұмыстар толық көлемде аяқталды.

«Төтенше жағдай туындаған жағдайда гидротехникалық құрылыстарда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылады. Жұмыс кестесі әзірленіп, бекітілді. Соған сәйкес іс-шараларды іске асыру 2022 жылдың қазан айының соңына дейін аяқталады», - дейді Еламан Мұхтарханов.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Шығыс Қазақстандағы 3 ауданда жайылымдық жер тапшы екендігі хабарланған.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT