Шығыс Қазақстаннан 29 медицина қызметкері Израиль мен Германияда оқуда

Фото: None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында бүгінде 16 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек етіп жүр. Биыл өңірдегі медицина саласын дамытуға 38 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шығыс Қазақстанда кәсіби, өз ісіне шынайы берілген дәрігерлердің, орта және кіші персоналдың үлкен және ұйымшыл ұжымы жұмыс істейді. Бүгінгі мереке – ақ халаттыларға деген құрмет, өйткені олар біздің денсаулығымыз бен өмірімізді қорғайды. Біз ШҚО-да денсаулық сақтау саласын дамыту үшін көп жұмыс атқарамыз. Жаңа бірегей медициналық орталықтар мен бөлімшелер ашып, жаңа жабдықтар сатып алып, дәрігерлер мен медбикелердің біліктілігін арттырамыз. Мұның бәрі пациенттерге жоғары технологиялық медициналық көмекке қол жеткізуге мүмкіндік береді. 2020-2021 жылдары дәрігерлеріміз коронавируспен күресте алдыңғы қатарда болып, кейде өздерін аямай, адамдарға медициналық қана емес, психологиялық көмек пен қолдау көрсетті. Сіздердің әрқайсыңыздың еңбектеріңізді ерекше бағалаймыз», - деді аймақ басшысы Даниал Ахметов салтанатты жиында.

Бүгінде өңірде 700 медициналық нысан бар. Облыстың мемлекеттік денсаулық сақтау жүйесінде 16 370 медицина қызметкері жұмыс істейді. Оның ішінде 4 434 дәрігер және 11 936 орта медицина қызметкері.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, биыл медицина кадрларын оқыту және біліктілігін арттыру бағдарламасын іске асыруға облыстық бюджеттен онкогематология, гематология, кардиология, акушерия және гинекология сияқты басым бағыттар бойынша 840,2 млн теңге жұмылдырылған. Наурыз айынан бастап Израильдің, Германияның жетекші клиникаларында 29 медицина қызметкерін оқыту басталды.


Соңғы жаңалықтар