Шығыс Қазақстандағы ормандарда биыл 27 рет өрт болды

Фото: None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы ормандарда биыл 27 рет өрт шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, биылғы өрт қаупі жоғары кезең басталғалы бері өңір аумағында 56 рет далада шөп өртеніп, қызыл жалынның жалпы ауданы 1657 гектарды құрады. Сондай-ақ облыс ормандарында 27 рет өрт шыққан.

«Департамент мамандары өрттің алдын алу үшін кең ауқымды жұмыс жүргізуде. Азаматтық қорғау, жергілікті полиция қызметі, орманшылар мен жергілікті атқарушы орган өкілдерінен 69 мобильді топ құрылған. Онда 384 адам бар. Мобильді топ мүшелері жыл басынан бері 493 рейд өткізді. Соның нәтижесінде 8 азамат 336-бабы бойынша (өрт қауiпсiздiгi жөнiндегi талаптарды сақтамау) әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - дейді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Серік Амангелдин.

Өрт шығуын бастапқы кезеңде анықтау үшін құтқарушылар ғарыш арқылы мониторинг жүргізуде. «Geosat» ЖШС-мен жасалған шарт термонүктелер бойынша деректерді алуға мүмкіндік береді.

Барлығы 190-нан астам термонүкте тіркеліп, оларды өрт сөндіру бөлімшелері жедел өшіріп, тілсіз жаудың одан әрі таралуына жол берілмеді.


Соңғы жаңалықтар