Шығыс Қазақстандағы ірі кәсіпорындар жұмысын жалғастыруда

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы ірі кәсіпорындар санитарлық бақылауды күшейтіп, жұмысын жалғастыруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Қайрат Мамырбаевтың айтуынша, ТЖ жарияланған бірінші күннен бастап жеке кәсіпкерлерге елімізде дағдарыстың алдын алу жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқаны түсіндірілуде. Бүгінде бірқатар шаралар қабылданып, соның аясында туризм, қонақүй қызметі мен қоғамдық тамақтану орындарының иелері салықтан босатылған. 1 маусымнан бастап шағын және орта бизнес өкілдері салық төлемейтін болады. Сондай-ақ барлық бизнес субъектілері үш ай бойы несиені төлеуді кейінгі шегере алады. Өңірдегі кәсіпорындардың көбісі жұмысын тоқтатпады. Олар қызметкерлерінің біраз бөлігін қашықтан жұмыс істеуге көшірген.

«Силумин-Восток» ЖШС төтенше жағдайға байланысты бірде-бір қызметкерді ақысыз еңбек демалысына жібермеген және ешкімді жұмыстан босатпаған.


«Кәсіпорында коронавирус инфекциясының алдын алу мақсатында санитарлық бақылау күшейтілді. Компания 100 пайыз қажетті құралдармен жабдықталған. Біз машина құрастыру жұмысын тоқтата алмаймыз. Өйткені осы кәсіпорында шығарылатын техника коммуналдық қызмет үшін ауадай қажет, - дейді «Силумин-Восток» ЖШС директоры Зоя Новолодская.

Өндірістік қуатты азайтқан кәсіпорындар да бар. Солардың бірі - «УК Триплекс». Аталмыш компания шыны шығаруымен айналысады. Бүгінде бұл кәсіпорын қызметкерлерінің 30 пайызы ғана жұмыс істеуде. Қалған 70 пайызы ақылы еңбек демалысына жіберілген.

«Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты кәсіпорын қызметкерлері қысқартылған режимде жүмыс істеуге көшті. Жұмысшылардың дені ақылы еңбек демалысына шықты. Ал қалғандары қызметтік көлікпен жұмысқа жеткізілуде. Осындай қиын кезеңде бізге көмек көрсетіп, несиенің төлеу мерзімін 90 күнге дейін шегергені үшін Үкіметке алғыс айтамын. Карантин аяқталған соң біздің кәсіпорын толық күш-қуатпен жұмысқа кіріседі, - дейді «УК Триплекс» ЖШС директоры Константин Бородастов.


Соңғы жаңалықтар