Шығыс Қазақстандағы 6 ауданда су тасқыны қаупі сақталуда

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы 6 ауданда су тасқыны қаупі сақталуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, облыс бойынша 6 ауданда су тасқыны қаупі әлі де сақталуда. Қазір Тарбағатай, Катонқарағай, Зайсан, Ұлан, Күршім аудандарында топырақтың қату тереңдігі 50 сантиметрге, ал қар жамылғысының биіктігі кей жерлерде 90 сантиметрге дейін жетеді.

Аэровизуалды зерттеу нәтижесінде, жазық аумақта қардың тез еріп жатқаны байқалды. Өзендердің арнасынан асуы, ауылдарды су басу жағдайлары тіркелген жоқ. Ірі өзендер - Бұқтырма мен Үлбінің бетінде әлі де мұз жатыр.

«Су тасқыны күн күрт жылынып, жауын-шашын көп түскен кезде болуы мүмкін. Бірақ наурыз айының алдағы онкүндігіне жасалған болжамға сәйкес, түнде ауа температурасы 10-15 градус аяздан түспейді. Сондықтан қазір үлкен қауіп жоқ», - делінген ақпаратта.

Айта кетейік, өңір бойынша су тасқыны жағдайы ушығып кетсе 1 719 адам, 756 техника, 83 жүзу құралы және 224 мотопомпа сақадай сай тұр.


Соңғы жаңалықтар