Шығыс Қазақстанда жыл сайын 10-15 мың ірі қара бруцеллез жұқтырады – ветеринармен сұхбат
2022 жылғы 1 мамыр 08:57

Шығыс Қазақстанда жыл сайын 10-15 мың ірі қара бруцеллез жұқтырады – ветеринармен сұхбат

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Соңғы уақытта ветеринария саласын реформалауға қатысты жоғары мінберлерден жиі айтылып жүр. Мұны естіген мал дәрігерлері елең етіп, оңды өзгерістерді ойша елестетіп те үлгерді.

Осы ретте, бұл тек елес күйінде қалмасын деп, реформаның қалай іске асу керектігін сараптап, пайым сүзгісінен өткізіп, уайым кешіп жүргендердің бірі – Есенгелді Бакимбаев. 40 жылдан астам уақыт ветеринария саласында тер төгіп келе жатқан ол мәселенің мәнісіне әбден қанық. Жуықта ҚазАқпарат тілшісі Шығыс Қазақстан облыстық «Ветеринарлық дәрігерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасымен жолығып, сұхбат құрып қайтқан еді.

- Бүгінгі таңда мал дәрігерлерінің мұң-наласы қандай?

- Еліміздегі ветеринария саласының қазіргі хал-жағдайы мүшкіл. Қордаланған мәселелер шаш-етектен. Соңғы он шақты жылдың көлемінде Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан осы салада көптеген өзгеріс енгізуге талпыныстар болды. Бірақ жасалған қадамдар әрдайым біржақты болып, ешқандай оң нәтиже бермеді.

Осының салдарынан жағдай күннен күнге нашарлап барады. Егер осылай жалғаса берсе, ветеринарлық қауіпсіздік бақылаудан шығып кетейін деп тұр. Бұл халықты азық-түлікпен, оның ішінде, мал өнімдерімен қамтамасыз етуде орасан нұқсан келтіреді. Онымен қоймай мал мен адам арасында ортақ аурулардың таралуына жол берілуі мүмкін. Сөзіміз дәйекті болу үшін ветеринария саласындағы ең өзекті деген мәселелерге тоқталып өтейін.

Малдың ветеринарлық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ауылдық округте орналасқан ветеринарлық пункт мамандарының рөлі ерекше. Сондықтан ең әуелі осы мамандарға барлық жағдай жасалу керек. Ветеринарлық пункттердің көпшілігі жұмысқа бейімделмеген ескі ғимараттарда, кейбірі тіпті әкімдіктің бір бөлмесінде орналасқан. Жұмыс істеуге, дәрі-дәрмек сақтауға, техниканы, ветеринарлық құрал-жабдықтарды талапқа сай орналастыру мүмкін емес. Елді мекендердің 80 пайызында малға эпизоотияға қарсы іс-шаралар өткізетін қашалар жоқ. Соның кесірінен ветеринарларға үй-жайларды аралап жүруге тура келеді. Осылайша, еңбек өнімділігі төмендеп, малды фиксациялайтын қосымша жұмысшылар жалдауға қажеттілік туындайды.

Эпизоотияға қарсы пайдаланатын биопрепараттар өте кеш келеді. Мысалы, сібір жарасына қарсы вакцина жаздың ортасында келіп түседі. Ол кезде төрт түліктің 60 пайызы жайлауға шығып кеткен. Күн шыжып тұрған бұл уақытта екпені салуға да болмайды. Сөйтіп көптеген мал егілмей қалады. Бұл ветеринарларды көзбояушылыққа итермелейді. Осындай келеңсіз жағдайлардың алдын алу мақсатында биопрепараттарды, сырға-чиптерді сатып алуды облыстарға жүктеген дұрыс. Сонда олар керек заттарды жергілікті мемлекеттік сатып алу басқармасы арқылы алады да, жоспарды уақытылы орындауға мүмкіндік болады.

Қазіргі кезде малдың қозғалысын, көшіп-қонуын ешкім қадағаламайды. Мал бей-берекет жүре береді. Қадағалау функциясы аудандық ветеринарлық инспекцияға жүктелген. Бірақ аудан орталығында отырған сол мамандар ауыл-аймақта, шаруа қожалықтарында қандай жағдай болып жатқанынан хабарсыз. Тек бір жерден ауру шыққан кезде ғана қимылдайды. Бірақ ол кезде тым кеш қой.

Жергілікті ветеринарлық пункт мамандарының малдың көшіп-қонуын қадағалауға құқықтары жоқ. Осындай кемшіліктердің алдын алу мақсатында ветеринария саласындағы атқарылатын жұмыстардың негізгі салмағын, жауапкершілігін ветеринарлық пункттердің мамандарына жүктеген жөн. Әрине, соған сәйкес еңбекақысы да артуы тиіс.

Пункт мамандарының өкілеттілігі жоғарылап, олар өз округ-аймағындағы барлық малдың қозғалысын, көшіп-қонуын бағалап, құқық бұзушылықтар тіркелген жағдайда шұғыл шаралар қолдануға құқылы және жауапты болулары тиіс. Сонда ғана біз төрт түліктің бей-берекет жайылуына тосқауыл қойып, тарайтын түрлі аурудың алдын аламыз.

Қазіргі таңда бруцуллез ауруы ірі қара арасында кең таралып, шаруагерлер орасан шығынға батып отыр. Тіпті бүкіл малынан айырылған азаматтар, шаруа қожалықтар аз емес. Індеттің кең белең алуының бірнеше себебі бар. Біріншіден, жаңа айтқандай малдың қараусыз жайылуы. Бір жерден ауру шықса, кей жағдайда уақытылы сойылмай жатады. Онымен қосақта болған мал көшіп-қона береді, кейде айырбасталады, осылай ауру ары қарай тарайды.

Екіншіден, барлық малдан қан алып, тексеру мүмкін емес. Бұл жұмыстар Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру базасымен байланыстырылған. Базадағы мал саны шын мәніндегі саннан мүлде сәйкес келмейді. Соның салдарынан базаға енгізілген малдан қан алынады да, қалғандары тексерусіз қалады. Үшіншіден, бірлі-жарым бруцуллез анықталған шаруашылықтардан, табындардан тездетіп, 15-20 күн ішінде қан алу мүмкіндігі жоқ. Қосымша диагностикалық тексеру ең жылдам дегеннің өзінде тек 48 күннен кейін ғана жүргізіледі. Оған дейін ауру мал табында жүріп, індетті одан әрі тарата береді.

Төртіншіден, бруцуллез ауруының алдын алу мақсатында қолданылатын тиімділігі жоғары вакцина жоқтың қасы. Шетелден әкеліп, пайдаланып жүрген РБ-51 вакцинасы өте қымбат. Бір дозасы 1000 теңгенің айналасы, оның тиімділігі туралы ешқандай талдау жоқ. Өкініштісі, не облыстағы ветеринария инспекциясы, не ветеринария басқармасы тарапынан бұл іске деген құлшынысты байқамадық. Отандық танымал ғалымдарымыздың арасында вакцинаны пайдалану туралы бір ортақ тұжырым жоқ. Осының кесірінен, әр жерде әртүрлі вакцина қолданылуда.

- Сонда жыл сайын облыста қанша ірі қара бруцеллезбен ауырып жатыр?

- Салыстырмалы түрде айтар болақ, бұрынғы Кеңес заманында жылына облыстан 3-4 малдан бруцуллез шықса дабыл қағатын едік. Ал бүгінде Шығыс Қазақстанда бір жылда 10-15 мың мал қауіпті дерт жұқтыруда. Басым көпшілігі – сауынды сиыр. Республика бойынша бұл көрсеткіш 100 мыңнан асып жығылады. Демек, біз қаншама сүт пен бұзаудан айырылып жатырмыз. Бұл мал санының артуына үлкен кедергі.

Сондықтан бруцуллез ауруына қарсы ережелерге түбегейлі өзгерістер енгізу қажет. Атап айтқанда, АШЖБ базасында бар-жоғына қарамастан барлық малдан қан алынуы тиіс. Бруцуллез анықталған табындардан шұғыл түрде 15-20 күннің ішінде екі рет теріс нәтиже шыққанша, Үкімет есебінен қан алынуы керек. Бруцуллез жиі тарайтын аймақтарда вакциналарды мемлекет қаржасына кеңінен қолданған азбал. Әсіресе, көп жерде оңды нәтиже көрсетіп отырған шт-19 вакцинасын ірі-қара малдың 4-8 айлық төлдеріне толық дозамен салып, ревакцинациялауды шт-19 екпесінің аз дозасын көзге тамызу арқылы қолданған дұрыс. Бұл мәселелердің барлығын әлеуметтік желілерде көтеріп, Премьер-министрге, Ауыр шаруашылығы министріне ашық хат та жазғанмын.

- Осы жазбаларыңыздан, ашық хаттарыңыздан кейін сізге хабарласқан лауазымды адамдар болды ма?

- Болған жоқ. Тек қатардағы ветеринарлар қоңырау шалып, қолдау танытып жатыр.

- Ветеринария саласындағы күрмеуі мол күрделі мәселелерге Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында назар аударды. Енді қандай өзгерістер болады деген үміттесіз?

- Иә, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ветеринария саласына реформа жасау жөнінде тапсырма берді. Осыдан кейін бір топ Мәжіліс депутаты, бірнеше министрлік өкілі, Ауыл шаруашылығы вице-министрі, ветеринарлық комитеттің төрағасы және ғалымдардың қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Онда біраз мәселе көтерілді, бірақ қиындықтан шығудың тиімді жолдары нақты айтылмады.

Менің пікірімше, ветеринариядағы реформаны әңгіменің басында айтқанымдай, әуелі ең негізгі жұмыстарды атқаратын, алғы шепте жүрген ветеринарлық пункттердің мамандарына жағдай жасаудан бастау керек. Сол жердегі ветеринарлық ахуал, эпизоотиялық жағдай осы мамандардың жұмысына тікелей байланысты. Олар өз қызметтерін ойдағыдай атқару үшін біліміне, еңбек өтіліне, жұмыс көлеміне сай лайықты еңбекақы төленуі тиіс. Жұмыс орны талаптарға сай келіп, дәрі-дәрмек сақтайтын бөлме, тоңазытқыштар, мамандардың ауыстырып киетін арнаулы киімдері болуы қажет. Жүріп-тұруға арналған көлік беріліп, әр ауылда төрт түлікке ветеринарлық шаралар өткізетін арнаулы қашалар қойылса. Бұл шараларды уақытылы, сапалы жүргізу үшін вакциналардың, құрал-жабдықтардың, мал сырғаларының дер кезінде әрі жеткілікті мөлшерде келуі аса маңызды. Осы айтылған қарапайым талаптар ешбір жерде орындалмаған.

- Кейбір дереккөздерге сүйенсек, Қазақстанда ветеринарлардың орташа жасы 40-55 аралығында екен. Бұл қаншалықты рас?

- Тіпті бұдан да үлкен дер едім. Шынын айту керек, қазіргі ветеринарлардың көбісі зейнет жасына таяп қалғандар. Жастар жоқтың қасы. Күні ертең маман тапшылығы туындайтыны айдан анық.

- Жуықта ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев осы жылдың соңына дейін ветеринарлардың жалақысы 60%-ға дейін артатынын айтты. Бұл жастарды осы салаға тартуға сеп бола ала ма?

- Бірінші ветеринарлардың жалақыны қалай алатынын түсіндірейін. Олардың айлығы облыстан бөлінетін қаражаттың мөлшеріне байланысты. Бұл қаржыны істелетін жұмыстың санына бөледі. Яғни, бір жұмыстың бағасын шығарып, сол бойынша еңбекақы тағайындалады. Осы сомаға ешқандай қосымша төлемдер, атап айтқанда ауылдың 25% үстемесі, зиянды жұмыстағы қосылатын ақы, кезекті еңбек демалысында берілетін сауықтыру жәрдемақысы қосылмайды.

Бұған дейін де жалақы көтеріледі деп талай айтылған. Алайда оның нәтижесін ауылдағы қарапайым мал дәрігерлері көріп жатқан жоқ. Сол үшін оларды қазіргі шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорыннан мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорын қарамағына ауыстыру керек. Сонда ғана Үкімет беретін қосымша ақылар түгел төленеді, еңбекақы әжептәуір көтерілді. Ол үшін «Мемлекеттік мүлік туралы» және «Ветеринария туралы» Заңдарға тиісті өзгертулер енгізілуі тиіс.

- Сәуір айының басында Мәжіліс депутаттары елімізде ветеринария қызметкерлерінің кәсіби мерекесін бекіту туралы бастама көтерді. Құзырлы министрлік тарапынан ведомстволық наградалар мен Қазақстаннның еңбек сіңірген ветеринары атағы енгізілетіні айтылды.

- Өте дұрыс. Бұл осы салаға жастарды тарту үшін қажетті қадам. Жемісті жұмыс істеп жүрген сала мамандары марапатталып, еңбегінің нәтижесін көргені құба-құп. Қорыта айтқанда, ветеринария саласына жөнді көңіл бөлінбей, мал шаруашылығы дамымайды. Мал шаруашылығы дамымаса азық-түлік қауіпсіздігі болмайды. Ал осының салдарынан еліміз өнімдерді шетелден сатып алуға мәжбүр болып, қымбатшылық туындайды. Ежелден төрт-түлікті кәсіп қылған Қазақстан етті өзге елден экспорттап отырғаны ақылға қонымсыз. Сол үшін ветеринарлардың көңілін күпті еткен мәселелер тезірек шешімін тапса екен дейміз.


- Әңгімеңізге көп рахмет!



Jańalyqtar

MURAǴAT