Шығыс Қазақстанда жыл басынан бері пара алған 66 адам сотталды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері пара алған 66 адам жазаланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жігер Байділдин баспасөз конференциясы барысында осы жылдың 10 айында атқарылған жұмысты қорытындылады.

«Департамент қызметкерлері аталған кезеңде 100 қылмысты, оның ішінде 85 сыбайлас жемқорлықты анықтады. Оның ішінде 33-і - ақша жымқыру, 54-і - пара алу фактісі. Ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлыққа барған 68 қылмыс тіркелді. Сол үшін 66 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған», - деді ол.

Ең ірі пара мөлшері – 40 миллион теңгені құрап отыр.

Жігер Байділдиннің айтуынша, сыбайлас жемқорлықпен ұсталған лауазымды тұлғалардың қатарында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары, ҚР ИИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті облыстық басқармасының басшысы, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті ШҚО бойынша аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы, Аягөз қаласының әкімі және Глубокое ауданы әкімінің орынбасары бар.


Соңғы жаңалықтар