Шығыс Қазақстанда жыл басынан бері 75 көлік өртеніп кетті

Фото:
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында биыл 75 көлік отқа оранды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері өңір бойынша өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы салдарынан 75 көлік жанған. Оның ішінде 62 жеңіл, 7 жүк көлігі, 2 ауыл шаруашылығы және 4 басқа да техника өртенді.

«Статистика көрсеткендей, көп жағдайда от көліктің қозғалтқыш бөлігінде шығады. Электр жабдықтарына немқұрайлы қараудан, қауіптілігі жоғары агрегатпен абайсыз жұмыс атқарудан жиі өрт болады», - дейді облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов.

Соңғы екі өрт кеше тіркелген. Өскемен қаласы Пермитина көшесінің бойында 2009 жылы шығарылған «Уаз 330945» автокөлігі тоқтап тұрған кезде отқа оранған. Қозғалтқыш бөлігі, салон іші, орындықтар өртенді. Шұғыл келіп жеткен ТЖД қызметкерлері тілсіз жауды толықтай ауыздықтады.

«Сондай-ақ «Үлкен-Нарым-Күршім» тасжолының 55 шақырымында 1991 жылғы «Москвич М-2141» көлігі жүріп келе жатып өртенген. Жалынның жалпы ауданы 4 шаршы метрді құрады. Белгілі болғандай, оттың шығу себебі – қауіптілігі жоғары агрегатпен абайсыз жұмыс атқару», - делінген ақпаратта.



Соңғы жаңалықтар