Шығыс Қазақстанда жыл басынан бері 104 көлік жанып кетті

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауынан 104 көлік жанып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 1 тамыз күні «Семей - Көкентау» тасжолында 2012 жылы шыққан «Камаз Шансиман» маркалы автокөлігінің мотор бөлігінің жанғыш бөлшектері, кабинасы мен алдыңғы дөңгелектері жанған.

Оқиға орнына шұғыл келіп жеткен құтқарушылар жалпы ауданы 6 шаршы метрді құраған тілсіз жауды ауыздықтады.

Өрттің шығуына қаупі жоғары агрегатпен абайсыз жұмыс атқару себеп болуы мүмкін.

«Сондай-ақ 2 тамызда Күршім ауылында 2011 жылғы «Уаз» автокөлігі жүріп келе жатып өртенген. Қозғалтқыш, аспаптар панелінің бөлшектері, салонның қаптамасы, орындықтар мен доңғалақтардың алдыңғы және артқы қақпақтары жанды. Өрт сөндірушілер жалпы ауданы 10 шаршы метрге жеткен қызыл жалынды өшірді», - деді ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Қанат Әбділов.

Оның айтуынша, жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысында өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауынан 104 көлік жанып кеткен.


Соңғы жаңалықтар