Шығыс Қазақстанда ЖРВИ-мен ауырғандар саны 1,6 есеге артты

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жіті респираторлық вирус инфекциясымен (ЖРВИ) ауырғандар саны 1,6 есеге артып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңірде 2021 жылдың қазаны мен 2022 жылдың ақпан айы аралығында 64 788 адам жіті респираторлық вирустық инфекцияны жұқтырып алған. Бұл алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,6 есеге артық.

«Оның ішінде 46,2 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар. Ал тұмау жұқтырғандар саны – 341-ді құрап отыр. ЖРВИ мен тұмаудан өлім-жітім жағдайлары болған жоқ», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Осы жылдың басынан бастап 286 адамға «тұмау» диагнозы қойылды. Ең көбі Семей (134) және Өскемен (92) қалаларында тіркелген.

Айта кету керек, биыл облыста 140 мыңнан астам адам ЖРВИ-ге қарсы екпе алған. Бұл аймақ халқының жалпы санының 10,3%-ын құрайды.


Соңғы жаңалықтар