Шығыс Қазақстанда жоғалып кеткен 11 жасар бала табылды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының полицейлері жоғалған жеткіншекті тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, «102» жедел арнасына Зайсан ауданы Сартерек ауылдық округіне қарасты «Қызыл» жер учаскесінде 11 жастағы баланың жайылымға кеткен малдың алдынан шығамын деп жоғалып кеткені жайлы хабар түскен.

«Шұғыл түрде оқиға орнына жеткен аудандық полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы түнгі уақытқа және жер уческесінің таулы аймақта орналасқанына қарамастан іздестіру жұмыстарына кірісті. Қол шамдарының көмегімен жақын аймақты, тау-шатқалдарды мұқият қарады. 4 сағатқа созылған қажырлы іздеу нәтижесінде бала табылып, туған-туыстарына аман-есен жеткізілді», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Белгілі болғандай, жеткіншек Зайсанда тұратын туған-туысқандарына Қапшағай қаласынан қонаққа келген. Оқиға болған күні бала туыстарымен бірге Зайсан қаласынан 150 шақырым жерде орналасқан «Қызыл» жер учаскесінде жайлауға малды көшірген. Оның туған-туыстары іздеу жұмыстарын жедел ұйымдастырып, қырағылық танытқан тәртіп сақшыларына өз алғыстарын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар