Шығыс Қазақстанда жаппай мал қырылды деген ақпарат жалған - АШМ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгінгі күні Шығыс Қазақстан облысында аса қауіпті аурудан мал қырылу фактісі мүлде тіркелмеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының Шілікті ауылында белгісіз аурудан жаппай мал қырылды деп таратқан БАҚ-тың хабарламасына байланысты ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеме жасады.

Ведомствоның ақпаратына сенсек, бүгінгі таңда Шілікті ауылдық округінде аса қауіпті аурудан мал өлмеген.

Өңірдегі шаруашылықтардың бірінде малдың жаппай қырылуы биыл мамыр айының басында болған. Содан кейін анаэробты энтеротоксиннің салдарынан 102 қозының өлгені анықталған болатын.

Сонымен қатар, жайылымдарды тексергенде де улы немесе басқа да зиян ештеңе анықталмады. Үлкен қойларда аурудың белгілері болған жоқ.

Осыған байланысты ветеринарлар түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, шаруашылық иесіне бұл жағдайда өлген малға өтемақы төленбейтіні айтты.

Сонымен қатар, 2020 жылы және биыл бірінші жартыжылдықта жергілікті атқарушы органдардың ветеринария қызметі эпизоотияға қарсы іс-шаралар кешенін уақтылы жүргізген.

Қазіргі уақытта Қазақстандағы барлық ауыл шаруашылығы жануарларына аса қауіпті ауруларға қарсы вакцина егілді.

Биыл мамыр айында қозылар өлгеннен кейін Шілікті ауылдық округінің малы ветеринар мамандардың қатаң бақылауында болады.

Сондықтан Шілікті ауылында малдың жаппай қырылып жатқаны туралы ақпарат тексерілмеген және жалған.


Соңғы жаңалықтар