Шығыс Қазақстанда заңсыз айналымнан 28 қару тәркіленді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында заңсыз айналымдағы 28 қару тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары өңір аумағында құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында қыркүйек айынан бастап «Учаске» жедел алдын алу шарасын жүргізіп жатыр.

Екі айдың ішінде полицейлер көпқабатты үйлердің 247 000-ға жуық пәтерін, 190 000-нан астам жеке тұрғын үйді және 40 079 саяжайды аралап шықты.

4 000-нан астам жалдамалы пәтер тексерілді. Салық органдарына тіркеусіз үйді жалға берудің 477 фактісі анықталды.

«Шара барысында 28 800 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде бала тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін – 100 ата-ана, ұсақ бұзақылық үшін – 1 408, қоғамдық орындарды ластаған – 2 305 адам айыппұл арқалаған», - делінген ақпаратта.

Азаматтық атыс қаруының иелерін тексеруге де ерекше назар аударылған.

Жалпы 11 700 азаматтық қару иесі тексеруден өтті.

Нәтижесінде, заңсыз айналымдағы 28 атыс қаруы тәркіленді.


Соңғы жаңалықтар