Шығыс Қазақстанда тауда 4 рет жарылыс жасалып, қар түсірілді

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында тауда 4 рет жарылыс жасалып, қар түсірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір аумағындағы 325 учаскеде көшкін жүру қаупі бар.

Тау бөктерінде жиналған қар жолды басып қалмас үшін «Қазселденқорғау» ШҚ филиалының мамандары тұрақты түрде мониторинг жүргізіп, қажет кезде профилактикалық мақсатта қар түсіреді.

«Бүгін «Өскемен-Алтай» тасжолындағы учаскенің маңында 4 рет жарылыс жасалды. Соның нәтижесінде, 11 660 текше метр қар түсірілді. Бірден жолды қардан тазалау жұмыстары қолға алынды», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Құтқарушылардың айтуынша, қар көшкіні бес-жеті текше метр көлемінде болса да адамға зиянын тигізуі мүмкін. Сондықтан тауға шығатын туристер мен тасжолдардың қауіпті учаскелерінен өтіп бара жатқан жүргізушілерге барынша абай болу қажет.


Фото: ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті

Соңғы жаңалықтар