Шығыс Қазақстанда сүңгуірлер су айдындарының түбін тексеріп жатыр

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында сүңгуірлер су айдындарының түбін тексеруде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңірде сүңгуірлер су айдындарының түбін тексеруге кірісті.

Көбіне демалыс орындары мен балалар лагерьлері тексеріледі.

«Түбі тексерілген шомылу орындары, қауіпсіздік талаптарына сәйкес жабдықталған жағажай – бұл демалыс кезінде ешкімнің зардап шекпейтінінің кепілі. Сондықтан да құтқарушылар шомылу орындарындағы тексеріс жұмыстарына өте мұқият қарайды. Сүңгуір-құтқарушылар су астына түскен кезде шомылушыларға қауіп төндіретін заттар тауып алып жатады. Атап айтқанда, шыны бөтелкелер, металл сынықтар, арматура және басқа да түрлі қалдықтар» - дейді облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Руслан Орынбеков.

Оның айтуынша, суасты тексерулер тиісті актімен ресімделеді.

Демалыс базалары мен лагерь иелері шомылу орындарының нормаға сәйкестігін, уақтылы тексерілуін қадағалауы керек.

«Ол үшін олар бізге өтінім беруі тиіс. Содан кейін департаменттің кәсіби сүңгуірлері су айдындарының түбін тегін тексеріп береді», - делінген ақпаратта.

Осы ретте, құтқарушылар азаматтардан тек шомылуға рұқсат етілген жағажайларға ғана баруды сұрайды.

Ата-аналар балаларына қауіпсіздік шараларын түсіндіріп, су жағасында жалғыз қалдырмауы тиіс.

Еске салсақ, бұған дейін Шығыс Қазақстанда былтыр жазда 7 адам суға батып кеткенін хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар