Шығыс Қазақстанда су тасқыны қаупі жоғары учаскелер тұрақты бақылауда

None
Фото: ШҚО ТЖД баспасөз қызметі
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында су тасқынына қарсы шаралар жалғасуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңірде су тасқыны қаупі жоғары учаскелерге тұрақты түрде мониторинг жүргізілуде.

«Жазық аумақтарда қар тез еріп жатыр. Әуеден барлау барысында өзендердің арнасынан асуы және үйлер мен ғимараттарды су басу жағдайлары анықталған жоқ. Ірі өзендердің арналары мұздан ашылып, сең жүре бастады. Үбе, Күршім, Бұқтырма және Ертіс өзендерінде мұзды ұсақтау үшін жару жұмыстары аяқталды. Гидротехникалық құрылыстар да бақылауда», - делінген ақпаратта.

Жыл басынан бері су тасқынының алдын алу үшін облыс бойынша 56 млн теңге сомасында 5 шара іске асырылуда. Оның ішінде Глубокое ауданы Черемшанка ауылының жоғары тұсындағы Үлбі өзенінде, Катонқарағай ауданындағы ұзындығы 300 метрге жететін Сарымсақты өзенінде жағалауды нығайту жұмыстары, Зайсан ауданындағы ұзындығы 1500 метр болатын Жарлы өзенінің арнасын тазарту және жағалауды нығайту жұмыстары қолға алынған.

Қалалар мен аудандардың әкімдіктері қыс басталғалы бері көшелерден 459 мың текше метр қар шығарып, каналдарды, арықтар мен су өткізгіш құрылыстарды тазартты. Екі мың тонна инертті материал, 251 тонна жанар-жағармай, 53 мың ыдыс-қап дайындалған.


Соңғы жаңалықтар