Шығыс Қазақстанда соңғы тәулікте 5 өрт шықты

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында кешелі бері 5 өрт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 2 қараша күні Жарма ауданы Гайнуллин көшесінде орналасқан жеке тұрғын үйдің ауласында 18 тонна пішен жанды. Алдын ала мәлімет бойынша өрттің шығуына отты абайсыз қолдану себеп болған.

«Дәл осындай себеппен Шемонаиха ауданында жер үйге жапсарлай салынған шаруашылық қора-жайды жалын шарпыды. Өрт сөндірушілер 8 шаршы метрді құраған тілсіз жауды ауыздықтады. Сондай-ақ Тарбағатай ауданында жеке тұрғын үй ауласында жалпы ауданы 50 шаршы метр болатын шаруашылық қора-жай шатырының ағаш құрылымдары өртенді», - делінген ақпаратта.

Осы күні Алтай ауданында жер үйдің шатыры жанды. Құтқарушылар жалпы ауданы 230 шаршы метрге жеткен өртті өшірді. Көк түтін салдарынан 2 шошқа, 11 ешкі және 12 тауық қырылған. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

3 қарашада Риддер қаласындағы Загородная көшесінде орналасқан жеке тұрғын үй ауласындағы шаруашылық қора-жайдың ағаш құрылымдары мен «УАЗ» маркалы автокөлік отқа оранған. Жалынның жалпы ауданы – 50 шаршы метрге жетті.

Айта кетейік, 2021 жылдың басынан бері Шығыс Қазақстанда 1251 өрт болған.


Соңғы жаңалықтар