Шығыс Қазақстанда шектеу шаралары 14 ақпанға дейін ұзартылды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында карантин шектеуі 14 ақпанға дейін ұзартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО бас мемлекеттік санитар дәрігері міндетін атқарушының жаңа қаулысы жарияланды.

Онда өңірдегі карантин шектеулері 14 ақпанға дейін қайта созылатындығы көрсетілген.

Шектеу шараларының мерзімі облыс аумағында COVID-19 инфекциясының таралуы бойынша ахуалдың өзгеруіне сәйкес қайта қаралуы мүмкін.

«Өңірдің сыртқы шекараларына кіріп-шығуды бақылау үшін Алматы облысы аумағына - 3, ал Павлодар облысымен шектесер тұсқа - 2 санитарлық пост қойылды. Олардың жұмысын Курчатов қаласының, Бесқарағай, Үржар, Бородулиха, Шемонаиха, Зайсан аудандарының әкімдері, ШҚО денсаулық сақтау басқармасы, мемлекеттік кірістер және полиция департаменттері, қалалар мен аудандардың санитариялық-эпидемилогиялық бақылау басқармалары қамтамасыз етеді. Қоғамдық тамақтану орындарында, ойын-сауық объектілерінде, кәсіпорындарда, мекемелерде және кеңселерде бұқаралық ойын-сауық іс-шараларды, спорттық шараларды, жиналыстарды, көрмелерді, форумдар мен конференцияларды өткізуге тыйым салынған. Бұқаралық, отбасылық, салтанатты және еске алу шараларын (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, ас беру) үйде өткізуге және мешіттерде жұма намаз оқуға рұқсат берілмеді», - делінген құжатта.

Қарттар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған медициналық ұйымдарда, медициналық-әлеуметтік объектілерде, сәбилер және балалар үйлерінде, әлеуметтік оңалту орталықтарында, мүгедек балаларға арналған интернат үлгісіндегі оқу орындарында санитарлық-дезинфекциялық режим сақталады.

«Фитнес-орталықтар, клубтар, бассейндер, жаттығу залдары мен сауналар жалпы толтырылуы 50%-дан аспай жұмыс істейді. Қалалар мен елді мекендер ішінде қоғамдық көлік үшін жұмыс режимі сағат 06.00-ден 23.00-ге дейін белгіленді. Таңертең сағат 8.00-ден 10.00-ге дейін, кешке сағат 18.00-ден 20.00-ге дейін автобус саны арттырылады. Кондукторлар мен жолаушылар міндетті түрде маска киюлері тиіс», - делінген қаулыда.


Соңғы жаңалықтар