Шығыс Қазақстанда полицей бес қабатты үйдің шатырынан секірмек болған азаматты тоқтатты

None
None
ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында полицей көп қабатты үйдің шатырынан секірмек болған 38 жастағы азаматты құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға Глубоковский ауданында болған. Тәулік бойы кезекшіліктен үйіне келіп, демалып жатқан инспектор – Белоусовский полиция бөлімшесі кезекшілік бөлімінің кезекшісі, полиция капитаны Сұңғат Төлеевтің қалта телефонына әлдебіреу хабарласқан. Куәгерлер полиция тұратын аудандағы көпқабатты үйдің шатырынан ер адам секірейін деп тұрғанын хабарлаған.

«Мәліметті бірден «102» нөміріне жіберіп, көшеге шықтым. Бес қабатты үйдің шатырында ер адам отырғанын және расында секіруге дайындалып жатқанын көрдім», - дейді полиция капитаны.

Полицей бұрын учаскелік инспектор болған, сондықтан жергілікті тұрғынды таниды. Ол шатырға шығып, ер адамды сөзге тартады. Кейін оған жақындап келіп арқасынан ұстап шатырдың шетінен тартып әкетеді. Содан соң оны төменге түсуіне көмектескен.

Ер адамның ішімдік ішіп, әйелі және анасымен ұрсысып қалғандықтан қасындағы тұрғын үйдің шатырына шығып секірмек болғаны анықталды.


Фото ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінен алынды


Автор: Орал Ерланұлы

Соңғы жаңалықтар