Шығыс Қазақстанда орман өрті 41%-ға өсті

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында биылғы өрт маусымы басталғалы бері 192 орман өрті тіркелген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірде орман өрттерінің алдын алу мақсатында бірқатар шаралар қолға алынуда. Бұл жайлы ШҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингі барысында облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Дмитрий Титов мәлімдеді.

«Өрт маусымы басталғалы бері Шығыс Қазақстандағы мемлекеттік орман қорының аумағында 192 орман өрті тіркелді. Қызыл жалынның жалпы аумағы 456 074 гектарды құраған. Өкінішке қарай, аймақтағы орман өрті 41 пайызға артып отыр», - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың сәуір айында «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағындағы қарағайлы орманда өрт шыққан болатын. Тілсіз жау салдарынан 3500 гектарға жуық орман алқабы өртенді.

Өрттің 90%-ы найзағайдан шықса, қалған 10%-ында адамдардың отпен абайсыз әрекет етуінен туындауда. Шығыс Қазақстандағы мемлекеттік орман қорының аумағы 3,8 миллион гектарды құрайды. Биыл осы аумақты қорғау мақсатында тиісті шаралар қолға алынды.

«Орманды қорғау мақсатында облыста 70 мобильді топ құрылды. Оның құрамында азаматтық қорғаныс, жергілікті полиция қызметі, орман мекемелері мен аудандық әкімдік өкілдері бар. 382-ден астам профилактикалық рейд жүргізіліп, 127 заңбұзушылық анықталды. Тәртіп бұзған азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деді Дмитрий Титов.

ШҚО аумағында өрт қаупі кезеңі 1 қарашаға дейін жалғасады. Егер сіз бір жерде өрт шыққанын байқап қалсаңыз бірден «101» нөміріне қоңырау шалыңыз.


Соңғы жаңалықтар