Шығыс Қазақстанда оқшаулау режимін бұзған 36 адам жауапқа тартылды

Фото: None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында өзін-өзі оқшаулау режимін бұзған 36 адам жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оқшаулану тәртібін елемеген 36 адамға қатысты ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 425-бабы 1-бөлігіне сәйкес хаттама толтырылған.

«Оның ішінде Семейде 23 тұрғын болса, Өскемен қаласында – 7, Үржар ауданында – 4, Курчатов қаласы мен Күршім ауданында 1 адамнан анықталып отыр. Сондай-ақ жыл басынан бері «Ashyq» мобильді қосымшасы бойынша түрі нысанға кірмек болған «қызыл» статустағы 488 адам, «сары» статусы бар 55 адам анықталды», - делінген ақпаратта.

Осы ретте, департамент мамандары халықты карантин талаптары мен республикалық, облыстық Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерлердің қаулыларындағы барлық шектеулерді сақтауға шақырады.


Соңғы жаңалықтар