Шығыс Қазақстанда облыс әкімінің Бірыңғай ахуал орталығы жұмысын бастайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысында төтенше жағдайлар, коммуналдық және апат қызметтерін бір қосымшаға біріктіретін жүйе іске қосылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Аltaynews.kz сайтына сілтеме жасап.

Облыс әкімі Даниал Ахметовтің айтуынша, қосымша арқылы ТЖ қызметтерімен байланысуға, коммуналдық қызметтердің ақысын төлеуге, автобустардың қозғалысын бақылауға және билеттерді сатып алуға болады.

«Орталықты іске қосқан соң цифрландырудың осы сегментінде әлемдік деңгейге шығамыз», - деді Даниал Ахметов.

ШҚО әкімінің аппарат басшысының орынбасары Марина Гагаринаның сөзіне қарағанда, 2019 жылы цифрландыру аясында басқа да жобалар іске асырылады. Атап айтқанда, «Senymdy dariger» қосымшасын, «Құрылыс бақылау» ақпараттық жүйесін, ауыл шаруашылығы жануарларын, техникасын және жер қатынастарын тіркейтін «Smart-Agro» орталықтанған ақпараттық жүйесін іске қосу, елді мекендердегі жер учаскелерінің кадастр құнын онлайн бағалау жобалары жоспарда тұр.

«Балабақшалар мен мектептердің барлығына видеобақылау жүйесін орнатып, оны қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйелеріне қосамыз. Бұдан тыс, 2019-2021 жылдарға арналған тағы бір жобамыз бар. Ол - облыстық архивтің қорын, облыстық кітапхананың сирек кездесетін кітаптарын, облыстағы музейлерде тұрған тарихи және археологиялық құндылықтардың цифрлық нұсқасын жасау жобасы», - дейді Марина Гагарина.

Еске сала кетейік, былтыр Өскемен және Семейдегі жер учаскелерінің электронды карталары әзірленген болатын. Биыл Шығыс Қазақстан облысының Риддер, Аягөз, Шемонайха, Серебрянск, Зайсан, Алтай қалаларында да осындай карталар жасалады.

Соңғы жаңалықтар