Шығыс Қазақстанда мейрам күндері 10 рет өрт шықты

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 20 наурыздан бастап бүгінге дейін 10 рет өрт шыққан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО ТЖД департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 20-24 наурыз аралығында құтқарушылар 4 жер үйдегі, 1 пәтердегі, дүкендегі, дәмханадағы, дүңгіршектегі және 2 моншадағы өртті ауыздықтады.

«Риддер қаласындағы Семенова көшесінде көпқабатты тұрғын үйдің 2-қабатында орналасқан бір бөлмелі пәтерде төсек пен жеке заттар жанды. Өрттің шығу себебі – шылым шегу кезіндегі абайсыздық. Оқиға орнына шұғыл келіп жеткен өрт сөндірушілер қызыл жалынды толықтай өшірді», - делінген ақпаратта.

Семейде жеке тұрғын үй өртенген. Тілсіз жаудың жалпы ауданы 10 шаршы метрді құрады. Ал Өскемен қаласының Ахмер кентінде жер үй ауласындағы монша шатыры отқа оранған. Өрттің шығу себебі – пешті орнату және пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамау. Осыған ұқсас жағдай Тарбағатай ауданының Ақсуат ауылында болған. Құтқарушылар 150 шаршы метр алаңдағы өртті сөндірді.

«Өскеменде Қазақстан көшесіндегі 5 қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан дәмханада өрт болды. От жиһаздың ағаш құрылымдарын, стеллажды, тұрмыстық техниканың жанғыш бөлшектерін шарпыды. Өрттің шығу себебі – электр жабдығын монтаждау және пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзу», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ Семейде жеке тұрған азық-түлік дүңгіршегінде өрт шыққан.


Соңғы жаңалықтар