Шығыс Қазақстанда КСРО төлқұжатымен жүрген 160-тан астам адам анықталды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында КСРО төлқұжатымен жүрген 160-тан астам адам анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, көші-қон қызметінің мамандары жеке басын куәландыратын құжатсыз тұратын және 1974 жылғы үлгідегі КСРО паспорттарын уақтылы ауыстырмаған адамдарды анықтауда.

Олар құжаттардың болмауына байланысты медицина, білім беру қызметтерін ала алмауда, жәрдемақы мен зейнетақыдан құр қалып, ресми жұмысқа орналасуға мүмкіндігі де жоқ.

Жыл басынан бері КСРО төлқұжатымен жүрген 160-тан астам адам ҚР азаматы болып танылған.

Мәселен, Ұлан ауданының полиция бөліміне жүгінген 61 жастағы ер адам 90-жылдары Украинада берілген 1974 жылғы үлгідегі төлқұжатпен Қазақстанға келген.

«Ұлан ауданында тұрған азамат жұмыс істеп, отбасын құрған, балалары да бар. Өрт кезінде төлқұжаты өртенгендіктен, ер адам 26 жылдан астам уақыт бойы Украинадан оның құжаттарына қатысты жауап келмеуіне байланысты жеке басын куәландыратын құжатсыз өмір сүрді» , - деді облыстық ПД бастығы Сағат Мәдиев.

Көші-қон қызметінің өкілдері Қазақстан Республикасының елшілігі арқылы Украинадан қажетті құжаттарды сұратуға жәрдем көрсетті.

Осылайша, ер адам ҚР азаматының жеке куәлігін алды. Енді ол басқа қазақстандықтармен тең дәрежеде барлық мемлекеттік қызметтерге қол жеткізе алады.


Соңғы жаңалықтар