Шығыс Қазақстанда көктем шыққалы бері 16 рет орман өртенген

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында биылғы өрт қаупі жоғары кезең басталғалы бері 16 рет орман өртенген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, биылғы өрт қаупі жоғары кезең басталғалы бері өңірде жалпы аумағы 295 гектарды шарпыған 16 орман өрті болды.

Сондай-ақ 1291 гектарға жайылған 50-ден астам шөп жану фактісі тіркелді.

«Көп жағдайда тілсіз жаудың шығу себебі – халықтың отты абайсыз пайдалануы, өрт қойып ұмытып кету және сөндірілмеген темекі тұқылы. Өрттің алдын алу үшін құтқарушылар 384 адамнан тұратын 69 мобильді топ құрды. Олардың құрамына жергілікті атқарушы органдар, полиция, азаматтық қорғау қызметкерлері мен орманшылар кіреді. Осы уақытқа дейін 139 рет рейд жүргізілді. Соның нәтижелері бойынша 207 адам ҚР ӘҚБтК-нің 410 және 336-баптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Құрғақ шөп пен қоқысты өртейтіндер жазасыз қалмауы керек. Өйткені бұл ауыр салдарға әкеп соғуы мүмкін», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Жалын шыққан ошақты бірген анықтау үшін құтқарушылар космомониторингті пайдаланады. «Geosat» ЖШС-мен жасалған келісім-шарт аясында термонүктелер бойынша деректерді алуға мүмкіндік бар.

Бүгінгі таңда ғарыштық технологиялардың көмегімен құтқарушылар өрттің таралуын талай рет уақтылы анықтап, жалынды тез ауыздықтады.

2021 жылғы 11 сәуірден бастап 176 термонүкте тіркелген.


Соңғы жаңалықтар