Шығыс Қазақстанда иіс тиіп көз жұмғандар 8 есеге артты

Фото: None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында биыл иіс тиіп көз жұмғандар 8 есеге артып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаевтың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Онда жылыту маусымына дайындық, өңірде өрт сөндіру бекеттерін құру сынды маңызды мәселелер талқыға салынды.

ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Серік Амангелдиннің айтуынша, жыл басынан бері облыс бойынша 449 өрт тіркелген. Оның ішінде 306-сы тұрғын үй секторында. Жер үйлерде өрттен қаза болғандар саны 13 адамды құрады. Бұл өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 31%-ға аз.

«Биыл иіс тиіп көз жұмғандар саны 8 адамды құрап, сегіз есеге артып отыр. Өткен жылы тек бір адам ғана мерт болған. Департамент қызметкерлері 2022 жылдың шілде айынан алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын бастады. Әлеуметтік осал топтағы азаматтар тұратын 3724 тұрғын үй ерекше назарға алынған. Глубокое, Шемонаиха, Зайсан, Ұлан, Катонқарағай аудандарында улы газ датчиктерін сатып алу бойынша жергілікті атқарушы органдармен бірлескен шаралар атқарылуда», - деді Серік Амангелдин.

Облыста дала өртімен күресу үшін қажетті өрт сөндіру бекеттерін құру мәселесі өте өзекті. Бүгінгі таңда тек 34 бекет жұмыс істейді. 5 бекеттегі техникалар жарамсыз, ал 2 бекетте жұмыс істейтін адам жоқ. Шығыс Қазақстандағы елді мекендерді толық қамту үшін тағы 10 өрт сөндіру бекетін құру қажет.

Өткізілген отырыстың қорытындысы бойынша құзырлы мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берілді.


Ашық көздерден алынған фото





Соңғы жаңалықтар