Шығыс Қазақстанда иіс тиген 4 адам ауруханаға жеткізілді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында иіс тиген 4 адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оқиға бүгін Глубокое кентінде болған.

Тазаланбаған мұржа салдарынан бір отбасы мүшелері зардап шекті.

«2000, 2002, 2006 және 2010 жылғы төрт адамға иіс тиген. 2006 жылы туған қыздың жағдайы ауыр, ал қалғандары орташа дәрежеде. Қазіргі уақытта барлығы ауруханаға жатқызылды», - делінген ақпаратта.

Белгілі болғандай, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері тамыз айында осы үйдің тұрғындарына пешті жылыту маусымына дайындау қажеттігі туралы ескерткен.

«Құтқарушылар тұрғын үйде көміртегі тотығының құрамын арнайы аспаппен өлшеген еді. Аспап улы газдың бар екенін көрсеткен. Содан кейін үй иесіне бөлмелерді желдетіп және пешті пайдалану кезінде бұзушылықтарды жою бойынша ұсынымдар берілді. Бірақ олар өрт сөндірушілердің кеңесіне құлақ аспаған», - делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар