Шығыс Қазақстанда екі жылу орталығындағы жөндеу жұмыстары қатаң бақылауда

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы екі жылу электр орталығындағы жөндеу жұмыстары қатаң бақылауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары қазірдің өзінде басталып кеткен. Аймақ басшысы Даниал Ахметов аудан, қала әкімдеріне барлық жылу көздерін жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы дайындауды тапсырды.

«Осы мақсатқа қажетті ақша мен атқарылатын жұмыстардың тізбесін мемлекеттік сарапшылар бекітуі тиіс. Он күн ішінде қала, аудан әкімдері барлық жылу электр орталықтарын тексеріп, оларды жөндеу бойынша сметалар жасауы керек. Тағы бір маңызды мәселе - жылу көздеріндегі гидравликалық режимді тексеру. Бұл ретте, Согра және Өскемен ЖЭО-дағы жөндеу жұмыстары ерекше бақылауға алынған», - дейді облыс әкімі.

Өз сөзінде ол жеке меншік иелері барлық міндеттемелерді орындайды деп үміттенетіндігін жеткізді.

«Себебі жаңа жылыту маусымына 100 пайыздық дайындықпен кіруіміз қажет. Көмірмен қамтамасыз етуге келетін болсақ, 1 тамызға дейін қатты отын 50%, ал 1 қыркүйекке дейін 100% жеткізілуі керек. Былтырғы тәжірибені пайдаланып, көмір жіберу пунктерінде дүрбелеңді болдырмау шарт. Сондай-ақ мен коммуналдық кәсіпорындар алдындағы қарыздарды өтеу бойынша халықпен жұмыс жүргізуді тапсырдым», - дейді Даниал Ахметов.


Соңғы жаңалықтар