Шығыс Қазақстанда демалыс күндері 7 өрт болды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында өткен демалыс күндері 7 өрт шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Семейде жеке тұрғын үйдің ауласындағы шаруашылық қора-жай өртенген. Оқиға орнына шұғыл келіп жеткен құтқарушылар жалпы ауданы 70 шаршы метрді алып жатқан жалынды сөндірді.

«Сондай-ақ екінші қабаттағы пәтерде балконның ағаш құрылымдары, есік-терезе блоктары мен жеке заттар жанды. Өрт 3-қабаттағы көрші пәтердің балконына да жайылып кеткен. Өртті сөндіруге 6 техника мен 19 адам жұмылдырылды. Алдын ала мәлімет бойынша өрттің шығу себебі – отты абайсыз қолдану», - делінген ақпаратта.

Саяжайда шыққан жалын 40 шаршы метр аумаққа таралған. Өрт шатырды, терезе-есік блоктарын, жеке заттарды, жиһаз бен тұрмыстық техниканы шарпыды. Оттың шығуына - пешті салу және пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамау себеп болды.

«Дәл осындай себеппен Шемонаиха ауданында өрт шықты. Целинная көшесіндегі жеке тұрғын үйдің едені мен шатыры жанды. Өрт сөндірушілер жалпы ауданы 20 шаршы метрді құраған тілсіз жауды өшірді. Сондай-ақ Көкпекті, Ұлан аудандары мен Өскемен қаласында тұрғын үйлерде өрт болған», - делінген мәліметте.


Соңғы жаңалықтар