Шығыс Қазақстанда былтыр жазда 7 адам суға батып кеткен

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында былтырғы суға шомылу маусымында 7 адам суға кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жаз таяған сайын өңір құтқарушылары су айдындарында профилактикалық жұмыстарды күшейтіп жатыр.

«Өткен жылғы шомылу маусымында Шығыс Қазақстанда 7 адам суға батып кетті. Барлық жазатайым оқиға арнайы жабдықталмаған жағажайларда болған. ТЖД қызметкерлері 14 адамды құтқарып қалды, оның ішінде екеуі бала», - делінген ақпаратта.

ШҚО әкімдігінің қаулысымен жаппай демалу үшін 14 учаске белгіленді.

Онда 1 муниципалды (Ұлан ауданы) және 4 коммуналдық жағажай (Өскемен қаласында – 2, Алтай ауданында – 2) бар.

Облыстық мәслихат сессиясының шешімімен шомылуға болмайтын 78, шағын көлемді кемелермен жүзуге тыйым салынған 31 орын белгіленген.

«Шомылуға рұқсат етілген учаскелерде 120 демалыс базасы орналасқан. Демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Бұқтырма су қоймасында мобильді бекеттер жұмыс істейді. Суға түсуге тыйым салынған учаскелерде арнайы белгілер орнатылған. Құтқарушылар су қоймаларын жаз бойы патрульдейді», - делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар