Шығыс Қазақстанда браконьерлерден 220 келіден астам балық тәркіленді

Фото: None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында браконьерлерден 150 келіден астам балық тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Жарма ауданында полицейлер 48 жастағы Қалбатау ауылының тұрғыны тізгіндеген көлікті тоқтатқан.

Тексеру барысында көліктен 150 келіден астам сазан балық, 2 ау және 2 резеңке қайық тәркіленді. Семей балық инспекциясы дерегінше, браконьерлердің кесірінен мемлекетке 900 000 теңге мөлшерінде залал келтірілді.

«Бұдан бөлек, тәртіп сақшылары Балықтыкөл көлінің маңында 43 жастағы азамат тізгіндеп келе жатқан «VOLKSWAGEN» автокөлігін тоқтатты. Көлікте 48 жастағы жолаушы болған. Ол жүргізушімен бірге 74,3 келі сазан балығын заңсыз аулағаны анықталды», - делінген ақпаратта.

Аталған фактілер бойынша ҚР ҚК-нің 335-бабы 3-бөлігіне (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз алу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Осы баптың санкциясы 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.


Соңғы жаңалықтар