Шығыс Қазақстанда браконьерлерден 2 тоннадан астам балық тәркіленді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары өңір аумағында заңсыз балық аулауға тосқауыл қою мақсатында «Уылдырық-2022» жедел алдын алу шарасын өткізді. Бір жарым айдың ішінде табиғатты қорғауға бағытталған 340 рейд жүргізілген. Соның нәтижесінде, 9 қылмыс анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Балық ресурстарын қорғау саласындағы заңды бұзған 287 адамға жалпы сомасы 4 500 000 теңгеден астам айыппұл салынды. Полицейлер құқық бұзушылардан 2000 келіден астам заңсыз ауланған балықты, 32 балық аулау құралын, оның ішінде 3300 метр тор мен 3 қайықты тәркіленді. Осының салдарынан мемлекетке келтірілген шығын көлемі 11 млн теңгеден асады», - делінген департамент ақпаратында.

Мәселен, полиция қызметкерлері Бұқтырма су қоймасында «Крым» маркілі қайыққа мініп браконьерлікпен айналысқан Күршім ауданының 52 жастағы тұрғынын ұстады. Ер адамнан түрлі балық салынған бес қап тәркіленді. Балықтың жалпы салмағы – 154 келі.

Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 335-бабы 3-бөлігіне (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз алу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Еске салсақ, Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарының су айдындарында екі айға созылған «Бекіре-2022» балық қорғау акциясы аяқталды.

Соңғы жаңалықтар