Шығыс Қазақстанда биыл 81 монша өртенген

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 81 монша мен 153 шаруашылық қора-жайды қызыл жалын шарпыған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, көп жағдайда тілсіз жаудың шығуына пешті және электр жабдықтарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамау, отты абайсыз пайдалану себеп болып жатады.

2021 жылдың басынан бері өңір бойынша 81 монша мен 153 шаруашылық қора-жай өртенген. Статистикаға сүйенсек, моншадағы өрт оқиғаларының жартысынан көбі пештің дұрыс жанбауы мен мұржаның уақтылы тазаланбауынан туындады.

«Моншада өрт қаупі өте жоғары. Оны жалын шарпыса иесі қомақты қаржылай шығынға ұшырайды. Ал шаруашылық қора-жайдағы тілсіз жауды ауыздықтау оңайға соқпайды. Себебі от бір-біріне жақын орналасқан ғимараттарға жылдам тарайды», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

17 мамыр күні Глубокое ауданы мен Риддер қаласындағы шаруашылық қора-жайда өрт шыққан. Қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы салдарынан болған екі оқиғада қызыл жалынның жалпы ауданы 127 шаршы метрді құрады.


Соңғы жаңалықтар