Шығыс Қазақстанда биыл 43 адам жол апатынан көз жұмды

Фото: None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 240 жол апаты тіркеліп, 43 адам мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері өңір бойынша 240 рет жол апаты болған.

Соның салдарынан 338 азамат жарақат алып, 43 адам көз жұмды.

«Жол-көлік оқиғаларының арасында бетпе-бет соқтығысу, көліктің аударылуы және жаяу жүргіншіні қағып кету жағдайлары бар. Күн жылынғалы бері жол апаты жиілей түсті. Себебі тұрғындар қала сыртына демалуға шығып, көлік ағыны айтарлықтай артты», - делінген ақпаратта.

Талдау нәтижелері көрсеткендей, жол апатының негізгі себептері – жылдамдықты рұқсат етілген шектеу асыру, көлікті мас күйде айдау, маневр жасау ережелерін бұзу және қарсы жолаққа шығу кету.

Жалпы биыл Шығыс Қазақстанда екі жантүршігерлік жол-көлік оқиғасы болды.

Атап айтқанда, 8 мамыр күні сағат 11:20 шамасында республикалық маңызы бар «Омбы-Майқапшағай» тасжолының Жарма ауданы Шар қаласының маңындағы учаскесінде «Ssang Yong Actyon» мен «Ваз-21014» көліктері соқтығысып, 6 адам мерт болды.

Ал 22 мамыр күні сағат 07:40-та «Алматы-Өскемен» тасжолының Жарма ауданы Қалбатау ауылының тұсындағы 959 шақырамында болған апаттан 5 адам көз жұмған еді.



Соңғы жаңалықтар