Шығыс Қазақстанда биыл 200-ге жуық адамға МӘМС аясында ота жасалды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында 200-ге жуық адамға ота жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ШҚО филиалы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір тұрғындары үшін биыл амбулаториялық-емханалық деңгейдегі медициналық қызметтер әлдеқайда қолжетімді бола бастаған. Сонымен қатар күндізгі стационарларды, ауылдағы медициналық мекемелерді және онкогематологияны дамытуды қаржыландыру артты.

«Қор тарапынан ерекше қажеттіліктері бар балаларды медициналық оңалту бойынша «Қамқорлық» және ЭКО квоталарын ұлғайту мақсатында іске қосылған «Аңсаған сәби» бағдарламаларына қаражат бөлінуде. 2021 жылға арналған халыққа медициналық көмек көрсету бойынша 120 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде мемлекет кепілдік берген медициналық көмекке – 72,6 млрд теңге және МӘМС пакетіндегі қызметтерге – 47,2 млрд теңге жұмылдырылды», - деді филиал директоры Ғалымжан Әбілов.

Оның айтуынша, облыста халыққа көрсетілген медициналық қызметтердің саны артты. Мәселен, емхана деңгейінде консультациялық-диагностикалық көмек көлемі 63%-ға өскен. Бұл сақтандырылған халық үшін кезекті қысқартуға және тегін тексерулерге жылдам жолдама беруге мүмкіндік берді.

«Жалпы биыл аймақ тұрғындары үшін 6,4 млрд теңгеге 3,7 млн қызмет көрсетілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 млн-ға артық. Сонымен қатар қор қаражаты есебінен 197 адамға түрлі ота жасалған», - дейді Ғалымжан Әбілов.


Соңғы жаңалықтар