Шығыс Қазақстанда биыл 2 жарым мың тоннаға жуық пішен өртенді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында биылғы өрт қаупі жоғары кезең басталғалы бері 2419 тонна пішен өртенген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, соңғы уақытта облыс аумағында пішен өртену фактілері жиілеп кетті.

Құтқарушылар апта сайын жем-шөп сақталатын ашық алаңдағы орындарда, сарайларда шыққан қызыл жалынды ауыздықтауға аттанады.

Ең көп өрт Тарбағатай, Аягөз, Бесқарағай және Көкпекті аудандарында тіркелген.

Тілсіз жаудың шығуына негізгі себептер – отты абайсыз қолдану және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау.

«Мәселен, 3 қазан күні Күршім ауданында жеке тұрғын үйдің ауласында 10 тонна пішен өртенді. Жалын шаруашылық қора-жайлардың ағаш конструкцияларына жайылды. Көп ұзамай өрт сөндірушілер отты толықтай ауыздықтады. Сондай-ақ 4 қазанда таңғы сағат 05.00 шамасында Бесқарағай ауданындағы шаруа қожалығының аумағында 150 тонна пішен жанған. Өртті сөндіруге ТЖД құтқарушылары, орманшылар және шаруа қожалығының жұмысшылары жұмылдырылды», - деп хабарлады ведомство өкілдері.


Соңғы жаңалықтар