Шығыс Қазақстанда бір күнде 40-тан астам өрт сөндірілді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында соңғы тәулікте 40-тан астам өрт шықты. Оның ішінде 34 рет дала өрті сөндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бес жағдайда жалынның шығу себебі – халықтың отты абайсыз қолдануынан болған.

«Күршім ауданының орталығындағы Абылайхан көшесінде жер үйдің ауласындағы шаруашылық қора-жай өртенді. Тілсіз жау шарпыған жалпы аудан 50 шаршы метрді құраған. Семей қаласындағы Баздырев көшесінде үйдің шатыры, терезе мен есік блогы отқа оранды. Құтқарушылар 40 шаршы метр алаңдағы өртті өшірді», - делінген ақпаратта.

Бұдан бөлек, Көкпекті ауданында жеке тұрғын үйдің ауласындағы қора мен гараж өртенген. Қызыл жалын гараж ішінде тұрған 1976 жылғы «ВАЗ2101» автокөлігін шарпыды. Көк түтіннен 11 бас қой, 9 қозы өлген. Өрттің шығу себебі - электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамау.

Бір күн ішінде облыс аумағында 34 рет шөп жанды. Сол жерлерге шұғыл келіп жеткен департамент қызметкерлері тілсіз жауды сөндірген.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін ШҚО-да жол апатына түсіп, көлікке қыстырылып қалған әйел құтқарылғанын хабарлаған едік.



Соңғы жаңалықтар