Шығыс Қазақстанда бір күнде 4 өрт сөндірілді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында бір күннің ішінде 4 өрт сөндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 1 қыркүйекте Алтай ауданындағы Панфилов көшесінде 3 қабатты кірпіштен салынған көппәтерлі үйде өрт шыққан. Бірінші қабаттағы пәтерде есік, жиһаз бен тұрмыстық техника жанды. Оқиға орнына келіп жеткен өрт сөндірушілер жалпы ауданы 6 шаршы метрді құраған тілсіз жауды ауыздықтады.

«Сондай-ақ Семей қаласындағы Б.Момышұлы көшесінде 1994 жылғы «Фольксваген пассат» маркалы автокөлік жүріп келе жатып жанған. Құтқарушылар өртті сөндірді. Оттың шығу себебі - қауіптілігі жоғары агрегатпен абайсыз жұмыс атқару», - делінген ақпаратта.

Тағы бір өрт Восточный кентінде болған. Жер үй жабынының ағаш құрылымдары, жиһаз, жеке заттар және тұрмыстық техника өртенді. Өрт сөндірушілер 1 газ баллонын сыртқа алып шығып, 15 шаршы метр алаңдағы отты өшірді. Өрттің шығу себебі – электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамау. Бұдан бөлек, Риддер қаласында орналасқан саяжай ауласындағы жазғы ас үйді қызыл жалын шарпыған.

Айта кетейік, жыл басынан бері Шығыс Қазақстанда 984 өрт тіркелген.


Соңғы жаңалықтар