Шығыс Қазақстанда алғаш дауыс берген жастарға естелік сыйлықтар табыс етілді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында алғаш дауыс берген жастарға естелік сыйлықтар табыс етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін бүкіл республика халқы алғаш рет ауыл әкімдерін сайлап жатыр. Олар келесі төрт жылда елді мекендерді басқаратын болады. Сондықтан ауыл болашағы тұрғындардың бүгінгі таңдауына байланысты болмақ.

Сайлаушылар арасында алғаш рет дауыс беретін жастар аз емес. Олардың бірі Шемонаиха ауданы Выдриха ауылының тұрғыны Кирилл Михайленко. 18 жастағы жігіт бағдарламалары мен болашақ жоспарлары өзіне барынша әсер еткен кандидатқа дауыс бергенін атап өтті.

«Ауылдық округ әкімі жауапты, белсенді болуы тиіс. Сондай-ақ ауыл тұрғындарының барлық мәселелерін білу үшін ұзақ жылдар бойы осы ауылда тұруы керек деп есептеймін. Біздің де ауыл әкімін таңдауға мүмкіндігіміз бар екеніне қуаныштымын», – дейді Кирилл.

Сондай-ақ Глубокое ауданы Предгорное ауылының тұрғыны Владислав Скворцов та сайлауға алғаш рет қатысып отыр.

«Бұл мен үшін жауапты сәт, өйткені мен өз дауысымды ауылымның болашағына арнаймын. Сайлау учаскесіне келмес бұрын кандидаттардың сайлауалды бағдарламаларын зерттедім. Сондықтан мен дұрыс таңдау жасағаныма сенімдімін. Сайлау учаскелерінің жақсы дайындалғанын атап өткім келеді. Мұнда барлық сақтық шаралары қарастырылған», - деді жас сайлаушы.

Сайлау комиссияларының мүшелері дәстүр бойынша алғаш рет дауыс берушілерге естелік сыйлықтар табыс етті.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Шығыс Қазақстан облысында ауылдық округ әкімі сайлауына 77 үміткердің түсіп отырғандығын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар