Шығыс Қазақстанда 6 мыңнан астам жұмыс орны ашылды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында соңғы екі жылда 6 мыңнан астам жұмыс орны ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жайлы аймақ басшысы Даниал Ахметов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – елдің өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауын талқылау мақсатында әкімдікте өткен жиналыс барысында айтты.

«Жолдауда айтылған бастамалардың бірі – 2022-2025 жылдар аралығында бюджет саласының кейбір қызметкерлерінің жалақысын жыл сайын 20 пайызға арттыру. Бұл шешім 42 мыңға жуық жерлесімізге қатысты болмақ. Сондай-ақ Мемлекет басшысының зейнетақы қорындағы жеткіліктілік шегінен асатын жинақты «Отбасы банкіне» аударуға рұқсат беру керек деп санайтыны ерекше маңызға ие. Президенттің алға қойған жаңа мақсаттары бізге стратегиялық міндеттерге сәйкес, шекара маңындағы аумақтар мен бұрынғы аудан орталықтарын дамытуды ескере отырып, облыстың даму жоспарын айқындауға мүмкіндік береді», - деді облыс әкімі.

Оның айтуынша, бизнесті кеңінен қолдау бойынша жұмыс жүйелі түрде жалғасатын болады. Соңғы 2 жылда өңірде 3 мыңға жуық жобаны іске асыруға мемлекет тарапынан 5,4 млрд теңге бөлінген.

«Соның нәтижесінде 6,2 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Өңірдің экспорттық әлеуетін 1,5 есе ұлғайту мәселесін шешу үшін бірқатар ірі кәсіпорындар модернизацияланып, «Ақтоғай» КБК мен «Үлбі-ТВС» ЖШС жанармай жинау зауытын кеңейту сияқты жаңа жобалар іске асырылатын болады», - деді Даниал Ахметов.



Соңғы жаңалықтар