Шығыс Қазақстанда 5 қар көшкіні түсірілді

None
Фото: ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында таудан жасанды жолмен 5 қар көшкіні түсірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, наурыз айында облыста қар көшкіні жүру қаупі барынша артқан. Себебі ауа температурасы күрт жылытып, жел күшейе түсті.

«Соған орай «Қазселденқорғау» ШҚ филиалының мамандары мен құтқарушылар бірлесіп, «Өскемен-Алтай» тасжолының 62 шақырымындағы тау бөктерінде 5 рет жарылыс жасады. Түскен қардың жалпы көлемі 24600 текше метрді құрады. Қар жолды толығымен жауып қалған. Бірден жолды тазарту жұмыстары жүргізілді», - делінген ақпаратта.

«Қазселденқорғау» ШҚ филиалының басшысы Омар Дүзгімбаев өңір жұртшылығына құбылмалы ауа райында таулы жерлерге мүлде бармау қажеттігін ескертті.

«Азаматтарға құтқарушылар жасап жатқан дауылды ескертулерге құлақ асуды, көшкін қаупі жоғары учаскелерге бармауды, алыс жолға шыққанда барынша абай болуды ескертеміз. Тіпті қатты айқай да қар көшкінін тудырады. Егер көшкін жүріп кетсе жартасты, ағаштың артын паналауға тырысыңыз, жерге жатып, басыңызды қолыңызбен жабыңыз», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар