Шығыс Қазақстанда 48 гектарға жайылған дала өрті сөндірілді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданында 48 гектарға жайылған ірі өрт ауыздықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, соңғы тәулік ішінде өңір бойынша 5 өрт шыққан.

Семейдегі Связистов кентінде орналасқан саяжай отқа оранды.

Жалпы ауданы 35 шаршы метрді құраған жалын кіреберісті, терезе, есік блоктары мен шатырды шарпыған.

«Бесқарағай ауданында 48 гектар алаңда шөп өртенді. Тілсіз жау сол маңдағы шаруа қожалығының ғимараттары мен 70 тонна пішенге жайылып кеткен. Өрттің шығуына – отты абайсыз қолдану себеп болуы мүмкін», - делінген ақпаратта.

Аягөз қаласы Дүйсенбаев көшесіндегі жеке тұрғын үйдің ауласында балалар қураған ағашты өртеген.

Лезде жан-жаққа тараған жалынның аумағы 35 шаршы метрге жетіп, сол маңда салынып жатқан үйге қауіп төнді.

Құтқарушылар жедел көмекке келіп жетіп, өртті сөндірді.

«Өскеменде Зайсан көшесіндегі жер үйде өрт болды. Тілсіз жаудың жалпы ауданы 100 шаршы метрді құраған. Өрт сөндірушілер үйден 4 газ баллонын шығарып үлгерді», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ Шемонаиха ауданында жер үй мен шаруашылық қора-жай өртенген.


Соңғы жаңалықтар