Шығыс Қазақстанда 32 жылқы ұрлаған барымташы ұсталды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 32 жылқы ұрлаған барымташы ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Семейде полицияға арыз түсірген шаруа қожалығының иесі еркін жайылымнан 15 бас жылқысының жоғалғанын жеткізді. Осының салдарынан оған 3 миллион теңгеден астам материалдық залал келтірілген.

Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, тәртіп сақшылары бірден жедел-іздестіру шараларына кірісті.

Жедел уәкілдер учаскелік инспекторлармен бірге жақын маңдағы барлық аумақтарды аралап, куәгерлерден жауап алды, мал тасымалдайтын автокөліктерді және ет пен мал сататын орындарды мұқият тексерген.

«Полиция қызметкерлері қысқа мерзімде мал ұрлығына қатысты күдіктіні ұстады. 47 жастағы жергілікті тұрғын өз кінәсін толықтай мойындаған. Тергеу барысында өткен жылдың аяғынан бастап осы уақытқа дейін ер адамның аталған шаруа қожалығы аумағынан 32 бас жылқы ұрлағаны белгілі болды», - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мәдиев.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Сонымен қатар ұрланған жылқыларды сатып алған адам анықталды. 52 жастағы қала тұрғыны 12 бас жылқыны алып, оның 11 басын басқаға сатып жіберген.

Соңғы жаңалықтар