Шығыс Қазақстанда 3 ірі өрт сөндірілді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті, Зайсан және Күршім аудандарында болған үш ірі өрт сөндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, №33 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері хабар түсе сала 85 шақырым қашықтықтағы Көкпекті ауданының Тассай ауылдық округінде болған өртті сөндіруге аттанған. Мал шаруашылығы базасы ғимаратының шатырын жөндеу кезінде 300 шаршы метр аумақтағы ағаш конструкцияларды және 500 шаршы метр аумақтағы қоқысты жалын шарпыған. Тілсіз жауды ауыздықтауға 8 адам мен 2 техника жұмылдырылды.

«Дәл осы уақытта Зайсан ауданында өрт сөндірушілер 500 шаршы метр аумақтағы өртті сөндірді. Демонтаж жасалып жатқан нысан отқа оранған. Алдын ала мәлімет бойынша тілсіз жау сол маңайындағы құрылыс қалдықтарынан шыққан. № 25 өрт сөндіру бөлімінің 5 адамы жалынды ауыздықтады», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Үшінші ірі өрт Күршім ауданы Оң Қалжыр ауылында болды. Мұнда шаруашылық қора-жайлар, шөп пен қоқыс өртенген. Түні бойы Марқакөл кентіндегі өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері, орманшылар мен тұрғындар қызыл жалынды өшіруге тырысты.

«Өрт жалпы аумағы 271 шаршы метрді құрайтын 4 шаруашылық қора-жайды және 6 тонна шөпті шарпыған. Жалпы ауданы – 500 шаршы метр. Үш оқиғада да зардап шеккендер жоқ. Тілсіз жаудың шығу себебі – отты абайсыз пайдаланудан болуы мүмкін», - делінген ТЖБ мәліметінде.


Соңғы жаңалықтар