Шығыс Қазақстанда 3 адам суға кетіп, көз жұмды

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Өткен демалыс күндері Шығыс Қазақстан облысында 3 адам суға батып, көз жұмды. Бұл туралы ҚазАқпарат облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қайғылы оқиғаның бірі 11 тамыз күні Зырян ауданында тіркелді. 49 жастағы азамат достарымен бірге Октябрьский кентіндегі Бұқтырма су қоймасына демалуға барған. Ол қолайсыз ауа-райына қарамастан резеңке қайыққа отырып, жүріп қайтпақ болған. Алайда сол күйі із-түссіз кеткен. Құтқарушыларға достары хабар берген. Оқиға орнына жеткен судан құтқару қызметінің құтқарушылары жағадан 3 шақырым жерден азамат отырған қайықты тапты. Бірақ денесін іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Екінші оқиға Ұлан ауданының Айыртау ауылында тіркелді. Бір топ адам шомылуға тыйым салынған орынға барып, суға түскен. Демалушылардың бірі жағадан ұзап, шомылып жүрген кезде батып кеткен. Оқиға орнына келген құтқарушылар 44 жастағы азаматтың денесін 6 метр тереңдіктен алып шықты. Сонымен қатар, құтқарушылар «Руда емес материалдар комбинаты» су қоймасынан 31 жастағы азаматтың денесін алып шықты. 2 жігіт белгіленбеген жерге суға түскен. Тіпті сырт киім және аяқ киімдерімен суда жүзген. Құтқарушылардың сөзінше, суға кеткен азаматтың жағаға шығуына үстіндегі киімі де кедергі жасаған.

«Қайғылы оқиғалардың көбі рұқсат етілмеген орындарда тіркеледі. Себебі, бұл жерлерде су ағыны қатты және шұңқырлар көп. Тіпті судың тереңдігі 20 метрге дейін жетеді. Бірақ тұрғындар соған қарамастан келіп шомылады. Салдарынан қайғылы жағдайлар орын алып жатыр» делінген хабарламада. 

Соңғы жаңалықтар