Шығыс Қазақстанда 277 кәсіпорын банкрот деп танылды

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 277 кәсіпорын банкрот деп танылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірде соңғы бір жылда 277 кәсіпорын банкрот деп танылып, 25 кәсіпорынға қатысты оңалту рәсімі қолданылған.

Бұл туралы бүгін облыстық ақпарат орталығында өткен баспасөз мәслихаты барысында ШҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің өкілі мәлім етті.

«Банкроттық борышкердің, кредиторлардың немесе өзге де уәкілдердің сотқа берген өтініші негізінде ерікті түрде белгіленеді. Сотқа жүгіну үшін тұрақты төлем қабілетсіздігі, ал борышкерді сот тәртібімен банкрот деп жариялау үшін оның дәрменсіздігі негіз бола алады. Рәсімді өткізу мерзімі 9 айды құрайды, ал қандай да бір негіздер болған жағдайда 2 жылға дейін ұзартылуы мүмкін», - дейді департаменттің оңалту және банкроттық бөлімінің басшысы Сайран Уалибекова.

Оның айтуынша оңалту - сот тәртібімен қолданылатын рәсім.

Соның шеңберінде борышкерге төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге бағытталған ҚР заңнамасына қайшы келмейтін құқықтық және өзге де шаралар қолданылады.


Соңғы жаңалықтар