Шығыс Қазақстанда 26 мыңнан астам адам көлік салығын төлемеген

Фото:
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 26 мыңнан астам адам көлік салығын төлемеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде өңір бойынша 26 130 адам көлік салығын төлемей келеді.

Олардың қарызының жалпы сомасы 784 млн теңгені құрап отыр.

«Жыл басынан бері атқарылған шаралардың нәтижесінде, салық бойынша берешегі бар 48 589 адамнан 878,9 млн теңге өндірілді. Облыстық полиция департаменті қызметкерлерімен бірлесіп, салық төлемеген көлік иелерін анықтау мақсатында рейдтер жүргізілуде. Соның барысында «Сергек» жүйесінің көмегімен қарызы бар көлік жүргізушілері тоқтатылады», - дейді департаменттің өндірістік емес төлемдер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Роза Сейілханова.

Оның айтуынша, егер жүргізуші берешекті өтемеген жағдайда көлігін айыппұл тұрағына алып кету жазасы да қолданылады.

Биылдың өзінде осылайша 43 көлік айыппұл тұрағына қойылған.


Соңғы жаңалықтар